769
image

Бұл – тірек-қимыл жүйесінде болатын кемістіктердің бірі. Мұнда баланың ортан жілігінің шығып кетуі іштен туа болады немесе соған бейім боп туады. Сырқаттың пайда болу себептері күні бүгінге дейін толық анықталған жоқ. Бірақ ол жөнінде бірнеше теориялар бар:
1.  Алғашқы ұрықтану кезіндегі кемістік, яғни ұрықтанған аналық жасуша дұрыс дамып жетілмейді. Тіпті бұл тұқым қуалауы да мүмкін деген пікірлер айтылады;
2.  Жамбас-сан буынының қабынуы теориясы – іштегі нәресте жатырдың тарлығына және ондағы судың аздығына байланысты механикалық қысым көреді, ал ол қабынуға әкеледі;
3.  Ағзаның толық жіктелмеген дәнекер тіндерінің дисплазиясы. Бұл теория бойынша жамбас-сан буынын құратын құрылымдар (бұлшық ет, сіңір, буын қабы, сүйектердің буын жақ беттері) үйлесімділігі толық жетілмеген.
Ер балаларда да, қыз балаларда да көбінесе бір жақ ұршықтың шығуы кездеседі. Босанарда бөксе жағымен келіп туған нәрестелерде, шала туған балаларда мұндай шығу жиі байқалады.
Ауру кезінде жамбас-сан буынында мынадай өзгерістер болады
1.  Ұршық ұясының үстіңгі жиегі көтеріңкі (тайқы) болып қалыптасады. Ұршық ұясы дұрыс тереңдеп жетілмейді;
2.  Буын айналасындағы тіндер өзгеріске ұшырайды: а) жамбас-сан буындарының сіңірлері, мысалы, шеңберлі аймақ, жамбас-ортан жілік, шонданай-ортан жілік сіңірлері созылады; б) буын қабының созылмалы шығуға бейімделуі барысында "құм сағат" пішінге өзгереді; в) жамбас-сан буыны аумағындағы бұлшық еттер (бөксе, тақым еттері) қысқарады, олардың жоғарғы (омыртқа) және төменгі (жамбас астаушасы мен ортан жілік) бірігу нүктелерінің жақын орналасуына байланысты қысқаруынан және көлбеу тартуынан өздерінің физиологиялық тонустарын жоғалтады.
Осы айтылған себептер ортан жілік басының, яғни ұршығының жамбас шұңқыры ортасынан тайып, жоғары және артқа қарай қозғалуына алып келеді.
СЫРТҚЫ БЕЛГІЛЕРІ
Жаңа туған нәрестелер мен алғашқы айдағы сәбилерде физиологиялық жоғары тонус болатындығына байланысты жамбас-сан буыны дисплазиясын анықтау күрделірек.
Дегенмен, сандағы қатпарлар санына, ауру аяқтың сыртқа қарай теуіп жатуына, екінші аяқпен салыстырғанда қысқалығына, бала жүрісінің өзгеруіне, яғни ақсауына немесе аяғын сылтып басуына және т.б. белгілерге көңіл бөлген жөн.
Ауру аяқты рентгенге салып та тексереді. Сонда мынадай белгілер байқалуы мүмкін: а) жамбас сүйек айналма ойдымының шатыршасының көлбей бітуі; б) ортан жілікбасы ядросының сүйектену мерзімінің кешеуілдеуі; в) ортан жіліктің шетке қарай ығысып орналасуы. Бұл үш белгі "Путти үштігі" (триадасы) деп аталады.
Үш айға толмаған нәрестені рентгенге түсіруге рұқсат етілмейді. Өйиткені осыған дейін ортан жіліктің басы сүйектене қоймайды және ойдымдарының физиологиялық тұрғыдан үлкендігі қате шешім жасауға себепші болады.
ЕМI
Емдеудің екі жолы бар. Олар: а) отасыз және дәрі-дәрмекпен емдеу; ә) ота жасау.
Ем баланың жасына, сырқатының түріне қарай іріктеледі. Нәтижесі бала сырқатының ерте, дер кезінде анықталуына байланысты. Отасыз емнің негізгі шарты: а) баланың жамбас-сан буындарына қысым жасамау, еркін болуын қадағалау; ә) құндақтау, мұндағы мақсат – ортан жіліктің басын жамбас ойдымының орта тұсына бейім ұстап, ойдымның жұмсақ шеміршек жиегін және т.б. буын айналасындағы жұмсақ тіндерге зақым келтірмеу және қозғалысты арнаулы бағытта сақтау. Осы мезгілде, егер балада дисплазия немесе жамбас-сан шығуы болмаса, ет-сіңір шетіндегі физиологиялық тонус қалыпты жағдайға келеді; б) күніне бірнеше рет, мысалы, емізер алдында құндағын ашып, жауырын, жамбас айналасын сылап-сипап, буындарын еркін бүгіп-жазып, созып тұру керек.
Оң қолмен бүгілген сол аяқты сағат тілі бағытымен, сол қолмен оң аяқты сағат тіліне қарсы, екі аяқты бір деңгейге келтіріп, сонан соң жамбас-сан буынын да айналдыру керек. Айналдыру саны баланың жағдайына байланысты, оны күштеп жасауға болмайды.
Төрехан ЗАТАЕВ,
№8 қалалық балалар емханасының
ортопед дәрігері.

Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2007(№9). – 4 бет.

maksat.kz
img
1792
Сал ауруы..... Себеп-салдар
Сал ауруы..... Себеп-салдар
img
2468
Көш және көшбасшы
Көш және көшбасшы
img
4120
Белгілі продюсер Гулзира Айдарбекованың тұсау кесуі
Белгілі продюсер Гулзира Айдарбекованың тұсау кесуі
img
5454
MAKSAT MеД клиникасы
MAKSAT MеД клиникасы